Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  82


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Кейде

Қурап кетті-ау тобылғылар қырдағы,
Түнгі ұйқымды осы бір ой ұрлады.
Шағын кеудем өзімдегі жүрекке
Тарлық етіп тұрғаны.
Қажет болмай қаладағы көп бөлме,
Бақты кезіп кеткім келді көктемде.
Алданатын қызыл-жасыл жиһазға
Қанағат та жоқ менде.
Алуан ойдан ақын жүрек ауырсын,
Оның емі оңай қайдан табылсын.
Самғап жүрген қанатында қыранның
Түгел болмас қауырсын.
Ақын жүрек әр нәрсеге қайғырған,
Қасіретті табады іздеп ой-қырдан.
Киіктердің саны жоқ-ау далада
Елігінен айрылған.
Ыза буып ақтарамын Абайды,
Өлең жазып бар ашуым тарайды.
Осы сәтте жолықса бір бейтаныс
Ақылымнан ауысқанға балайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу