Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  123


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Өрт

Мен үшін әже аңызы ерте бітті,
Есейдім, мен де ұмыттым еркелікті.
Ертеде шағын шаруа бір сорлының
Үй мүлкі түгелімен өртеніпті.
Ежелден аңызға бай дала біздің,
Өзіндік сабағы бар әр аңыздың.
Дейді әжем: «Сол бір өртке тұмсығымен
Әкеліп шөп тастапты қара құзғын.
Ләззат алған содан жауыз жаны,
Мысал да мұның бәрі аңыздағы.
Қарлығаш өрт үстіне шырылдап кеп
Бір тамшы суын құйған ауыздағы».
Құзғынның шөбінен өрт өршімеген,
Бірақ ел ниетін оның көрсін деген.
Титтей құс тілегіне ризасың
Тезірек сол бір өртті сөнсін деген.
Көп таныс, туыс, көрші іргедегі,
Болады бәрінің де бір керегі.
Белгісіз басыңа күн туған кезде
Тамшыны аузындағы кім берері...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу