Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  313


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Қызғалдақ гүлің едім мен

Туған жер, мәңгі өзіңнен
Айыңмын әр түн айналған.
Үзілмес нәзік сезіммен
Кіндігім саған байланған.
Өзіңе іңкәр жүректен
Жыр жолы әр кез төгілген.
Көктемгі қырды түлеткен
Қызғалдақ гүлің едім мен.
Бір сәтке тыным алмайды,
Ұяда ұрпақ қалды ма аш?
Өзімнен тағы аумайды
Мазасыз құсың қарлығаш.
Қанаты нәзік талар ма
Тамшы су ұрттап тасудан?
Менің де бейбіт заманға
Тілегім тамшы қосылған.
Самалдың өпкем салқыны
Көңілге азық – бір ай ән.
Көліңде қаздар қаңқылы
Азайып кетсе мұңаям.
Құмыңды жаяу кезермін,
Шыңырау тауып шөлдесем.
Сарқырап аққан өзеннің
Сарқылған шағын көрмесем.
Сәулені нұрлы жамылып
Сән құрар мекен бол маған.
Жүретін әр кез сағынып
Сызылтып сазды арнап ән.
Тынбаспын, сірә, жырлаудан
Туған жер – анам айналған.
Депутатыңмын туғаннан
Дауыссыз, мөрсіз сайланған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу