Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  280


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Отан жайлы менің барлық өлеңім

Мейірім мен сағынышым боп бар уайым,
Сыршыл жырдың жаздым рас талайын.
Сын іздейсің, мін іздейсің бойымнан,
Отан жайлы жырым аз деп, ағайын.
Отаным деп тәй-тәй өмір бастағам,
Отанымсыз Әліппені ашпағам.
«Отан» деген қастерлі сөз болған соң,
Оны жиі қайталауға жасқанам.
Жүрегімде кім жақтырды жыр шамын,
Бақыт – оты Жаңа жылдық шыршаның.
Сүйемін деп қайталаймын несіне,
Өмірімнен артық көрсем жусанын.
Бейбіт таңда кімнен қалай қорғайын,
Жақсы көрсем қалай ақын болмайын.
Сүйсем қайтем сәбиімдей өзімнің
Бұл даланың бұлбұлы мен торғайын.
Отаным тұр әуен-ән боп үнімде,
Тақырыбым сол ертең де, бүгін де.
Сүйгенімнің осы емес пе куәсі,
Жырлап келем өзені мен гүлін де.
Отан жайлы менің барлық өлеңім,
Жүрегімде мәңгі аялап келемін.
Жақсы көрем деген сөзді жиі айтсам,
Ортайтам ба деп қорқамын беделін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу