Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  172


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Даланың ерке елігі

Таң нұры тұрды шыңға ұшқын беріп,
Бір шөкім көрінбейді үстінде бұлт.
Саханың жазушылар тобыменен
Ертелеп Жезқазғанға түстім келіп.
Қарсы алды жайсаң жандар
шығып алдан,
Бәрінің қуаныштан жүзі жанған.
– Күлзейнеп, әкем аты – Исатай, – деп,
Қол берді көркем қазақ қызы маған.
Алдымда тым байсалды тұрысы ұнап,
Жатпай-ақ хал-жай, оны-мұны сұрап.
Осы әйел бара жатты бір көргеннен
Жаныма, жанарыма жылыұшырап.
– Ежелден бұл далада тұрды ма адам?
Алыста тау ма анау бұлдыраған? –
Саханың жазушысы Анастасья
Сұрақты қойып жатыр түрлі маған.
– Адамдар келген мұнда неге, қайдан?
(Өзім де айыға алмай келем ойдан).
Қонағым сұрап жатыр одан сайын:
– Жер атын «Жезқазған» деп неге қойған?
– Жез сыры, – дейді, – өзіме аса мәлім,
Бабалар білем ыдыс жасағанын.
Тағатын жез сақина әжем менің
Ұрпағы емес пе екен осы араның?
Бұл жердің біз бір көшіп кеткен елі,
Білмеймін неше ғасыр шеттегелі.
Негізі осы қазақ халқыменен
Бауырлас шығармыз-ау, – деп келеді.
Ол жайлы біраз пікір жатыр даулы,
Қонаққа бүгін қазақ шақырды ауылы.
Біз үшін адамдардың бәрі бауыр,
Ешкімді білмейміз ғой жатырқауды.
Қазақтың пейілі ұқсас даласына,
Бір күдік ниетінен табасың ба?
Күлзейнеп бастап бізді алып кетті
Жайлауға, Сарысудың жағасына.
Жаюлы дастарқанда дәм-тұздары,
Жайраңдап алдан шықты ұл-қыздары.
Шетінен Еңбек Ері азаматтар,
Жанып тұр омырауда жұлдыздары.
Құлпырған керегеде гүлді кілем,
Бозбала қымыз құйып жүрді кілең.
Жердегі мына өмірге қызығып Ай
Қарайды киіз үйдің түңлігінен.
Болғанда түн ортасы анау белдің,
Үстінде жанып тұрған алау көрдім.
– Жалғыз от не болды екен жарқыраған? –
Деп сонда Күлзейнепке сауал бердім.
– Білмеуші ем мен мұны жас күнде анық,
Ол сырды өз көзіммен аштым барып.
Байлықтың шегі жоқ бұл далада,
Әр жерде жатыр тегін фосфор жанып. –
Сөйлейді ол дала жайлы еміреніп,
Дала – Ана, ол сонда өскен қоңыр елік.
Далаға деген іңкәр көңілінен
Барады ақын жүрек тебіреніп.
Ол маған келеді айтып дала сырын,
Адамға сыйлайды деп бар асылын.
Сұрадым бір орайды Күлзейнептен –
Қай кезде Алматыға баратынын.
– Құмартпас астананың бағына кім,
Алматы өзенінің ағын әнін,
Бірақ мен Жезқазғаннан алыс кетсем,
Сол күні-ақ осы ортаны сағынамын.
Бұл жерде ескерткіш боп атам қалды,
Осында таптым досты, қатарларды.
Жиырма бес жыл өтіпті осы жерде
Ұрпаққа кіндік шеше атанғалы.
Туған жер!
Неткен мұнша сүйікті еді,
Көңілің оны ойласаң биіктеді.
Зулаған машинадан барады үркіп
Даланың еркін жүрген киіктері.
Киікке кісінейді қоңыр құлын,
Күлзейнеп байқамайды оның бірін.
Ерекше мақтанышпен айтып отыр
Ғажайып қасиетін тобылғының.
Еске алса ата-баба армандарын,
Мен мұнша махаббатқа таңданбадым.
Білемін бұл даланың боз жусанын
Ақынша сүйе білер жандар барын.
Оларды сақтайды анық ел де есінде,
Ер болу керек оған теңдесуге.
Көздері күлімдеген Күлзейнептің
Жарқырап орден тұрды кеудесінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу