Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  116


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Ұлдайға

Ізбасар болар атаға
Рас қой ұлдың жақыны.
Армандап күткен ата-ана
«Ұлдай» деп қойды атыңды.
Болса да мынау өмірде
Тағдырың ұлдан тым алыс.
Медет қып жүдеу көңілге,
Жасаған шығар жұбаныш.
Ақ самал алдан ескендей,
Көркіңе көрген тамсанып.
Қыз біткен болса тек сендей,
Қыз тілер еді барша жұрт.
Жүрегің толы үмітке
Жаралған аппақ арманнан.
Аңқылдап тұрған жігітке
Жарқылдап сүйер жар болған.
Тірлікке ұрпақ сән берген,
Аналық жолмен із қалған.
Өзіңді көрсем, ақ жеңгем,
Бақыт па деймін қыз болған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу