Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  109


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Қыздардан келген хаттардан

Бірінші хат
«Сүйемін» деді ол, құшағын жайды,
Көбелек болып ұштым мен.
Сонымен мендік махаббат айы
Аспады, апа, үш күннен.
Хабарды салып, ата-ана барып,
Той жасап алып кетем деп.
Төртінші күні киімін алып,
Сапарға кетті секеңдеп.
Торына сезім қамалып қалғам,
Жазамын сізге мұңлы сыр.
Мен сүйген жаннан бір аумай қалған
Іңгәлап жатыр тұңғыш ұл.
Екінші хат
Сезімнің өртендім де алауына,
Арбалдым жас жігіттің жанарына.
Енді өзім жігіттерді алдар едім,
Қолымды байлап отыр бала мына.
Ұқсап тұр тал мүсінім жас қайыңға,
Бақытты қайтадан бір бастайын ба?
Ақыл бер, апа, мынау шарананы
Қол қойып мәңгілікке тастайын ба?
Үшінші хат
Бір жігіт өте ұнады,
Алдымнан ылғи шығады.
Сенбілік серуен құруға
Досыма келіп тұрады.
Екеуі тойда билейді,
Өкшесі жерге тимейді.
Ол жігіт ессіз сүйгенмен,
Дос қызым оны сүймейді.
Көркім жоқ оған ұнардай,
Хал емес мынау құмар жай.
Көргенде оны жүрегім
Кеудемді жарып шығардай.
Кезім бар іштей қызғанған
Жеткізбес, сірә, ізгі арман.
Сезіміңді айта алмайтын
Азап па деймін қыз болған...
Төртінші хат
Ән сала бергім келеді,
Би билеп жүргім келеді.
Кейінгі ұрпақ дегеннің
Бар ма өзі сонша керегі?!
Қаражаты бар шашуға
Осылай дейді досым да.
Оралмас қайта жас дәурен
Өтпек пе қазан басында.
Жігіттер қанша көк жейде,
Думанды кеште от бейне.
Отырсам жөргек сығымдап,
Саусақтың сәні кетпей ме?
Жазамыз сізге сырды біз,
Айтыңыз маған, жырлы қыз,
Өмірден сіз не білдіңіз?
Ән салып өтпей, жыр жазып,
Семья неге құрдыңыз?
Жауап:
Жастықта алау жалынбыз,
Жылжиды баяу сағым-күз.
Киелі сезім махаббат,
Абай болғайсың, ару қыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу