Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  124


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Шынымды айтам

Жыр жазар жылдар өтіпті жөргек жуумен,
Қаламдас достан шет қалғандаймын
бүгін мен.
Ақындық сыйын шын берген болса табиғат,
Бөлінем неге бәйгелі, шулы дүбірден?
Кете алмай қалдым серуендеп
еркін орманға,
Шыға алмай қалдым алаңсыз алыс
жолдарға.
Ошақтың басы, қамады күйбең тіршілік,
Ызаландым қанша ақын боп әйел болғанға.
Пенделік халдің құрбан қып кетіп барлығын
Көктемгі қырда қарсы алғым келер таң
нұрын.
Шаршаған шақта шарапқа кейде бусанып,
Жігіттер құсап келер бір жолда қалғығым.
Кетсем бе деп ем жер шарын түгел аралап,
Жүрсем бе деп ем сері боп жүрек жаралап.
Осының бәрін ұмытып кетем қайтадан,
Үш бірдей құлын есіктен енсе «мамалап».
Одан соң менің бойымды билеп ерке өлең,
Бір ғажап нәзік сезімге қайта өртенем.
Өмірге деген іңкәрлік билеп жүректі,
Ақ сәуле таңға тереземді ашам ертемен.
Тұрады бесік «Әлди жыр айт» деп алдымда.
Тербейді бақыт құшағы сүйген жардың да.
Отырам содан «Тәубә» деп Ана болғанға,
Рақмет айтам, риза болам Тағдырға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу