Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  246


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Өлең деген құдірет қой, шынында...

Өлең деген құдірет қой, шынында,
Талант керек кейде оны ұғуға.
Ұлағат та, тіршіліктің сыры да
Үңілсеңіз жатыр баба жырында.
Жатар жырда қасіреті халықтың,
Дастаны да ел қорғаған алыптың.
Жыр айтады баянсызын дәулеттің,
Жыр айтады ауыр жолын даңқтың.
Қызыл тілде алғаш кілті өнердің,
Жыр жолы боп елестейді келер күн.
Ең алғашқы әлдиі де ананың
Басталады ұйқасымен өлеңнің.
Мейірім де ән сазымен тарайды,
Тұрады әннен тірлік таңы арайлы.
О, жас ұрпақ!
Төрлеріңе ілгейсің
Патшаны емес, Махамбет пен Абайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу