Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  143


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Ақын жүрек

Кей бикештің
Қолы тимей жүрген кезде күлуден,
Сенің жаның шырылдайды –
Сәбиіңнің қабағына түйілген,
Жұмыстағы жан жарыңа күйінген,
Кітаптағы кейіпкерге сүрінген,
Көшедегі көне үйлерге бүлінген.
Қайғыртады
Аналары тастап кеткен балалар,
Келіндері қуып шыққан аналар.
Жоғалғалы тұрған ескі молалар,
Пысықтарды жеңе алмаған даналар.
Қайғыртады
Кеуіп қалған бұлақтары даланың,
Шылым шеккен бойжеткені қаланың.
Шырын жияр қызғалдағын таба алмай,
Сарнағаны балға құмар араның.
Одан кейін
Әділдіктің бірден жеңіс таппауы,
Бұлбұлдардың азайғаны бақтағы.
Ауғанстан жеріндегі жас солдат
Табыт болып елге келе жатқаны.
Тілегіндей, қиялындай ақынның
Бола алмауы адамзаттың ақ таңы.
Ақын жүрек,
Таппадың-ау бір тыным,
Тыныштықты қаламаған шіркінім.
Жоқ-ау сенің дір етпеген бір күнің,
Білмедің-ау не екенін
Уайымы жоқ күлкінің.
Ақын жүрек,
Таппадың-ау бір тыным...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу