Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  221


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Сыр бойы, сырға толы ел екенсің...

Сыр бойы, сырға толы ел екенсің,
Ырыстың, ақ күріштің кені екенсің.
Өзіңде өткізген күн есімде жүр
Өлең-жыр, әдебиет мерекесін.
Қазақтың сын-сықағы басталатын,
«Хош келдің, қызым», – деген Асқар ақын.
Кеше бар, бұл күнде жоқ неткен өмір,
Бір кезде ол да біздей жас болатын.
Бұл Сырда кімдер болған, кімдер қалған,
Өткеннің елестері – білгенге арман.
Бұл Сырда талай жастың жүрек сырын
Тыңдаған ұмытылмас күндер болған.
Далада туған талай заты алыптар,
(Кең дала, сен солардан ат алып қал!)
Бұл күнде келеді өсіп Сыр бойында
Кетпенмен атын жазған Жақаевтар.
Сыр бойы, сырға толы ел екенсің,
Ырыстың, ақ күріштің кені екенсің.
Өзіңде өткізген күн есімде жүр
Өлең-жыр, әдебиет мерекесін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

07.02.2024 22:01
Астына идяасы мен тақырыбын жазыңышы

Пікір жазу