Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  120


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Ұяңдау, сөзге сараң, байсалды едің...

Ұяңдау, сөзге сараң, байсалды едің,
Жұрт жүрген болады-ау деп жайсаң келін.
Еліктей далада өскен қазақ қызы,
Япырмай, осыншама қайсар ма едің?!
Мықты едің, мұнша неткен төзімді едің,
Қайғыға майыспадың, езілмедің.
Ажалды он сегізде жеңіп шыққан
Қайран жастық дегізген өзің бе едің.
Ақ арман, алғаш сезім, бойда жалын,
Көрінген бәрі гүлдеп айналаның.
Өмірге жаңа құшақ жайғаныңда
Қанатым қайрылар деп ойламадың.
Жар сүйдің сол үмітпен, ана атандың,
Күлкісін қызықтап төрт балапанның.
Әлі күн трактордың рулінде
Ұйқысыз қарсылайсың дала таңын.
Дейді жұрт «тірі қалған, бағы бар жан»,
Ал сені сынауда өмір ағыны алдан.
Ойыңда болған емес атақ алу,
Орденнің өзі сені тауып алған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу