Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  122


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Боялып нұрға гүл өңі

Боялып нұрға гүл өңі
Су алып қырдан қайтатын.
Бойжеткен қыздың жүрегі
Махаббат әнін айтатын.
Жолығар мынау тосыннан
Көрген жоқ өмір қиынын.
Ашпаған сырын ғашық жан,
Тастайтын көздің қиығын.
Сезімтал қыздар үндер ме?
Ұғатын еді жанардан.
Басталған еді кеудеде
Алғашқы сезім, ақ арман.
Қағарда қанат аспанға
Тәтті бір қиял алдапты.
Жаңадан ғашық жас жанға
Сыйлады тағдыр балдақты.
Комбайн үні гүр еткен
Үрей ме сонша алаңдар...
Өмірді үлкен жүрекпен
Сүйетін бар-ау адамдар!
Нарқасқа дейтін дәл атын,
Теңейтін өртке жанарын.
Айнымай сүйе алатын
Жігіті бар ғой даланың.
Балиғат жасқа толғанмен,
Қаншама жанбай қалғандар?!
Аяғы бүтін болғанмен,
Жүрегі жарты жандар бар.
Жақындап келген жаныңа
Сүйікті жардың білегі,
Жетелеп бақыт таңына
Балдақсыз сені сүйеді.
Пәк еді сенде тілек те,
Жоқ еді досқа іштарлық.
О баста үлкен жүректе
Өмірге деген құштарлық.
Туған жер сені бұл күнде
Қызым деп анық таныған.
Оралған бақыт-күлкіңде
Жыр жолы жатыр, Жадырам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу