Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  104


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Билетіп бойды төзімге...

Билетіп бойды төзімге,
Құрбыға өтіп сөзім де,
Өзімнен жасы кішіге
Ақылшы болар кезімде
Баяулап жастық арын да,
Мінез де салқын бабында,
Өмірге ойлы көзіммен
Қарайын деген шағымда
Өзімнен өзім қорықтым,
Жанарға тәтті толып мұң,
Есейтпей ессіз махаббат,
Сен келіп маған жолықтың.
Жарқырап кетті аспаным,
Көгімнен шықты-ау басқа күн.
Қарсылық еткен достың да
Сөзіне құлақ аспадым.
Нұрланып жүзім бүгінде,
Әсем ән тұрды үнімде.
Қарсылық еткен сорлы ана
Көнерін білдім түбінде.
Жүректің жалын қалпымен,
Ғашықтық сезім салтымен,
Асауға шаптым қорықпай
Аударып кетер қаупінен.
Не болар демей тағдырым,
Не сыйлар демей алғы күн,
Жаныма жайлы дәуреннің
Құрбан ғып кеттім барлығын.
Кезігер не өмір, не өлім?
Күтті не алдау, не сенім?
Сен бірақ оны ойлатсаң,
Махаббат атанар ма едің?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу