Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  108


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Көңілі бұлақ әнін тыңдап алаң...

Көңілі бұлақ әнін тыңдап алаң,
Бақтарда гүл болмас ол жырламаған.
Белгісіз неге ғашық екені де,
Әйтеуір, ақын деген – жұмбақ адам.
Өмірдің бар үніне алаңдаған,
Іздеген әуен сазын әр арнадан.
Әйтеуір, ақын деген – мазасыз жан
Тірлікте еш қанағат таба алмаған.
Өзгеге ақын деген – жалынды ұғым,
Мақтайды жаттап алып ағын жырын.
Өзгелер ешуақытта түсінбейді
Ақынның қиналғанын, халін, мұңын.
Жүр дейді дүниені шайқап ақын,
Гүл дейді көңілі оның жайқалатын.
Бақытты дейді ақынды сүйгеніне
Өлеңмен жүрек сырын айта алатын.
Білмейді өлең оңай шықпайтынын,
Таланттың досы азын құптайтұғын.
Ақынның жүрегінде не жатқанын
Кей кезде сүйген жар да ұқпайтынын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу