Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  212


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Алыстағы досқа

Саған әсер етпеді-ау күрсінгенім,
«Алатауда ән салып жүрсің», – дедің.
Көрмеген соң жаныңның қиналғанын,
Алыстау дос қадірін білсін ненің.
Байқамадың жанымда өстің де сен,
Амалым не, күз келе кеш гүлдесем.
Ақ Жайықтың ақ төсін еркін құшып,
Ренжір ең рақат кештің десем.
Ақындық та жүк болды қиын маған,
Отырмадым әйел боп үйімде аман.
Пенделердің кешетін кей бақыты,
Амал қанша, дәл маған бұйырмаған.
Саған әсер етпеді-ау күрсінгенім,
Көрмейсің бе, ес-түссіз құр сүлдемін.
Жүрегімді жылатып бара жатсам,
«Алатауда ән салып жүрсің», – дедің




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу