Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  187


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Қайша құдық

(Қ. Миханованы еске алу)
Түсінбей алғаш сезімге,
Білді тек арман өшкенін.
Соғыстың сонау кезінде
Желкілдеп тұрған жас келін.
Қасқайып отты дауылға
Аттанды белін буған ер.
Қыздардан қалған ауылда
Күткендей үміт туған ел.
Жоқ онда көңіл ұнатар
Мамандық таңдау, ойлану.
Қайшаға тиді бір отар,
Міндеті енді қой бағу.
Соғыстың аз ба кеселі,
Көз жассыз бір таң атпаған.
Бұршақты күздің нөсері,
Қыстағы көзсіз ақ боран.
Есітіп елдің мұң-зарын,
Бәрін ол бастан өткерді.
Қиналған ауыр жылдардың
Өтеуі – Жеңіс көктемі.
Жүрекпен ғашық өмірге,
Сүюмен туған Отанды.
Жас Қайша туған жерінде
Еңбектің Ері атанды.
Қосын да тікті жайлауға,
Құдық та қазды күрекпен.
Ән салар шақта тойларда
Қой бағуменен күні өткен.
Міндетін солай атқарды,
Өзі жоқ бүгін ортада.
Есімі енді сақтаулы
Туған жер атты картада.
Безбен бар уақыт атаулы,
Екшейді ол ез кім, алып кім?
Есімін кімнің сақтауды
Біледі өзі халықтың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу