Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  87


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Алуаш

Даусына Мұхиттың ел тамсануда,
Жас-кәрі қошеметпен қарсы алуда.
Бір болыс құдаласқан қонақтыққа
Серіні шақырыпты ән салуға.
Шілдеде кесіп өтсең ала қырды,
Кең жазық талдырады жанарыңды.
Жол шықты сол болысқа әнші Мұхит,
Қасына досын ертіп бала күнгі.
Екеуі «Сәт сапар» деп жүріп берді,
Аңызақ сынға салды жігіттерді.
Торсыққа аздап құйып алған сусын
Тамағын қос серінің жібітпеді.
Алдан бір ауыл шеті көрінген-ді,
Әсем саз тұр көмейден төгілгелі.
Қолынан бір сұлудың шай ішпесе,
Көншір ме жігіттердің көңілдері?!
Ауылға досын Мұхит жетеледі,
Дауысын ат үстінде көтереді.
Ақбоз үй әшекейлі алты қанат
Бай қызы Алуаштың мекені еді.


Мін жоқ-ау ақбоз үйдің ақтығында,
Көрдің бе қона кеткен бақты мына?
Секпіл бет қоңыр қызды теңеді әнші
Айдынның еркін жүзген аққуына.
Риза бәйбіше де, бай да бұған,
Демеді оқыс туған қайдағы ән.
Алуаш шай құяды қос серіге
Сүтті де қатыңқырап қаймағынан.
Жарасты жас дәуреннің базарында,
Мін болмас бойжеткеннің ажарында.
Алуаш қыз қылықпен қылмыңдайды
Мұхиттың ілінсем деп назарына.
Қызда бір әбігерлік байқалады,
Сері де соза түсіп айтады әнді.
Досының көзі түссе, қайырмасын
Мұрнынан бір тыржитып қайтарады.
Жастықтың болмайтындай жазы мәңгі,
Екі дос шайға қанды, азық алды.
Талантқа не демексің, қас қағымда
Бір қызға сыйлап кетті әзіл әнді.
Әзіл ән орындалып жатыр әлі,
Құрбыны сауық кешке ол шақырады.
Талантпен бір түстік шай бірге ішкен
Сол қыздың мәңгілікке аты қалды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу