Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  107


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Толғаныс

Ерекше сезім орнап жүрегіне,
Атаның қабыл болмай тілегі де,
Бөлектеу туды баста бала болып,
Ұқсамай аға, інінің біреуіне.
Сиқыр күш жетелейді алысыңа,
Ұнамай төре тұқым «халі», сірә,
Жүрегін мазалайды бақыт таппай
Зарлаған Айнамкөздер намысы да.
Жаныма қу домбыра жолдас деді,
Бұл қора төрт түлікке толмас деді.
Есеппен күнелткенде өзгелердей
Тірлігің тынышырақ болмас па еді.
Өнердің шыдау керек азабына,
Қажымай басқалардың мазағына.
Ойын-той айналатын асқақ әнмен
Тірліктің қайталанбас базарына.
Жүйрік деп танымайды шыққан алға,
Аз болды пікірлерін құптаған да.
Кеудеде арман барын қиналатын
Топастау замандастар ұқпағанға.
Ұнамай өзі өсірген әкеге де,
Еш адам айта алмады қате неде.
Қиялы оқшау, ойы озық жанды
Кейбіреу теңейді енді әпендеге.
Өзі – ән, өзі – думан, өзі – өлең,
Қайсарлау, бойда ғажап төзім деген.
Қарайтын өмірге де биігірек
Өнердің, болашақтың көзіменен.
Сенгендер байлығына, білегіне
Ұқпады не жатқанын жүрегінде.
Тамақ тоқ, мәз пенделер қайтсін оны,
Риза мал басының түгеліне.
Қалғанда баз тірліктен тұншығуға,
«Айдай» деп әнге салып тыншыды ма?
Сол «Айдай» ұрпақ сайын қайталанып,
Сақталып қалды бүгін жыршы қырда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу