Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  122


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Бабаның сазы

Даланың тарады үнің сан қырына,
Ұрпаққа мәңгілікке қалды мұра.
Жаттаған ән-жырыңды мынау халық
Таланттың мән бермейді тағдырына.
Дейді жұрт:
«Сері болған, сайрандаған,
Бұл маңда ол бармаған той қалмаған».
Ән-көмей, жыршыл-жүрек болып туып,
Не көрдің мына өмірден, қайран бабам?
Не көрдің,
Рақатқа бөлендің бе?
Үмітті арттың неге келер күнге?
Жанында жүрген достар ойламады-ау
Болар деп қасіреті өлеңнің де.
Ойсыздар жүрегіңді жараласа,
Адамдар адамдарды алаласа,
Қаруың қолдағы бар әнің еді,
Кей пенде көңіліңе қарамаса.
«Айдай» деп әнге салдың ала қырда,
Қарадың адамдардың жанарына.
Жандардың мұң-қайғысын ұға білген
Өзіңдей қарыздармыз саналы ұлға.
Таң алыс сен күтетін аңсап алдан,
Жаныңа жебеу таптың таң самалдан.
Даланың дархандығы қанша болса,
Көре алмас күншілдігі сонша болған.
Болғанмен би-төреге жақындығың,
Олардан алыстатты ақындығың.
Көрдің сен сөзін ешкім ұқпайтынын
Ол кезде малы аз болса ақылдының.
Көрдің сен заңды күштің түзеткенін,
Кедейдің табанынан сыз өткенін.
Арудың жоқшылықтан зарлағанын,
Атаның даңқыменен қыз өткенін.
Ән болып ұрпағыма жетсем деп ең,
Әлі күн өлеңінде от сөнбеген.
Жалғадым арманыңа арманымды
Даланы жырға бөлеп өтсем деген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу