Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  156


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Әжемнің әңгімесі

«Аналар нені көрмеді,
Кешті сол ауыр шақтарды.
Ауылдың барлық ерлері
Соғысқа кетіп жатқан-ды.
Ол күнді мен де көргенмін,
Көп болды елге әлегі.
Ішінде кеткен ерлердің
Сенің де әкең бар еді.
Қайтпады елге,
үйінің
Ашпады таныс есігін.
Кетіпті айтып «Ұлымның
Қуаныш қой» деп есімін.
Көрмеді ол сенің түріңді,
Күлкіңді тағы көрмеді.
Бақытың болар бүгінгі
Үлеске саған бергені.
Ілулі үйің төрінде
Суреті қалды әкеңнің.
Сен келіп жарық өмірге,
Анаңа шаттық әкелдің.
Сен оны шексіз қуанттың
Уілдеп алғаш күлгенде.
Ермегі болып жұбаттың
Ұйқысыз өткен түндерде.
Ұзаққа бұл сәт бармады,
Үзілді кенет бір арман.
Ажалдың суық қармағы
Айырды сені анаңнан.
Көз жасын, сірә, көрген ғой,
Сұм ажал, балам, күшті екен.
Есімде, анаң өлгенде
Тола алмай қалдың үшке сен.
Келіні көрші үйіңнің
Басқадан сені көрді өзге.
Ерекше саған үйіріліп,
Қойнына салды сол кезде.
Кейін біз көшіп кеткенбіз,
Білуші ең онда сен нені?!
Өтті ғой талай көктем, қыс,
Өзгерді жағдай елдегі.
Қарағым, басқа бермегей,
Соғыстың көп қой кесірі.
Аз емес әке келмеген,
Елде жүр бірақ есімі.
Олардың анық ерлігі,
Кеудеге жігер құяды.
Жасаңдар ұзақ – ел гүлі –
Ерлердің асыл тұяғы.
Аларсың бата елден көп,
Үлкенге әр кез бөлсең ой.
«Инженер бала келді» деп
Естіген едім, сол сен ғой.
Орынды, балам, келуің,
Туған жер дәмі тартады.
Таниды туған жеріңнің
Топырақ, тасы, әр талы.
Аялар, балам, туған ел,
Қасиетін ұқ та, мәпеле.
Ертеңге бол да мұрагер,
Ескерткіш орнат әкеңе».
Отырды әжем ұрпаққа
Ұзақ жас тілеп өмірде.
Отырды әжем бұл шақта
Бейбіт күн тілеп еліме.
Қоштасар кезде қол алып,
Нұсқады әжем жолды ауыр.
Туған жер түгел оянып
Тұрғандай болды сонда бір!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу