Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  108


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Сен менің анам да едің, әкем де едің...

Сен менің анам да едің, әкем де едің,
Ағартқан самайыңды қатем менің.
Мен сенің жүрегіңді қобалжытып,
Көп хабар қуаныштан әкелмедім.
Тәй тұрдым аяқ басып, құлап келдім,
Сүрініп, одан соң да жылап келдім.
Мен сенің түн ұйқыңды төртке бөліп,
Ісіме ақыл-кеңес сұрап келдім.
Мен сенің қойыныңнан ерте кеттім,
Жолықсақ, мейіріммен еркелеттің.
Мұздатып бір ісіммен өн бойыңды,
Жүзіңді бір ісіммен өртеп өттім.
Ұлыңнан оқшау жүріп бөлекте өстім,
Мінезім бірақ та ерсі демепті ешкім.
Мен сені жасартпадым, қайран анам,
Тезірек қартаюға көмектестім.
Мен үшін кешкірсе де күткен күнің,
Кеудеңде мол ғой жылу бітпейтұғын.
Сендегі махаббатқа таң қаламын
Ешқашан қайырымды күтпейтұғын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу