Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  154


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Ерте тіктің қамзолыңның өрнегін...

Ерте тіктің қамзолыңның өрнегін,
Бойжетіп те талдап бұрым өрмедің.
Жастайыңнан жар болыпсың әкеме,
Бәлкім, оған ғашық болып көрмедің.
Есейіпсің құрбылардан ертерек,
Көйлек киіп қос етегін келтелеп,
Сен әкеме жар болыпсың аяулы,
Бірақ ұзақ жүре алмапсың еркелеп.
Жан жарыңның өршітетін жігерін
Мәңгі бірге ар-намысың, тілегің.
Ол қуанса, бір қосылып ән айттың,
Ол қайғырса, бірге солып гүл өңің.
Ойыңда жоқ жардың атын атамақ,
Соны сыйлау – сен білетін бата, бақ.
Саған қарап күшті екен деп ойлаймын
Өмір бойы айтылмайтын махаббат.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу