Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  135


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Анаммен сырласу

Сапарға шығып барамын,
Қиналдың, апа, сен неге?
Мөлтілдеп қалды-ау жанарың,
Қыса алмай ұзақ кеудеңе.
Көзіңе жинап алдың да
Көңілдің қимас жаңбырын.
Соңымнан ердің адымдап,
Желбіреп желге жаулығың.
Біраз жол жатыр арада,
Келесің әлі қала алмай.
Лағын таппай далада
Адасып жүрген маралдай.
Тілеп ең бақыт, жек көрмей,
Жүрегің қайта тулады.
Менімен еріп кеткендей
Үйіңнің базар-думаны.
Көрсетпе, апа, мұңыңды,
Жалғыздық жанға батса да.
Сен тарап өрген бұрымды
Қиярсың қалай басқаға.
Жаутаңдап жолға қараймын,
Сен келе жаттың белесте.
Оның не, апа, талай күн
Күткенің осы емес пе?!
Арпалыс көңіл күйімде,
Қиналдым тимей шапалақ.
Құшақты жайып кейінге
Жүгіргім келді-ау «апалап».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу