Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  188


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Анаммен қайта сырласу

Сен мені гүлім дедің, жазым дедің,
Азайып кетсе-дағы назым менің.
Бойыңнан еш өзгеріс таба алмадым,
Көбейіп кетсе-дағы әжімдерің.
Ал менде жүзік те алтын,
Қалам да алтын,
Көңіл шат, жарқырайды жанардан күн.
Сен болсаң өзгермедің, қайран ана,
Баяғы аңқау күйің, «надан» қалпың.
Өзіңді аңсай күтіп бала күннен,
Жолыңа тағат таппай қарадым мен.
Енді сен мені күтіп отырасың
Үркектеу жаутаңдаған жанарыңмен.
Сен едің алғаш мені тәй бастырған,
Мен едім өміріңді жалғастырған.
Бұл күнде керісінше, біз екеуміз
Артиспіз рольдерін алмастырған.
Сен үшін салқын тартты-ау жаз айлары,
Қызың да енді сені аз ойлады.
Қиын-ау, аяулы анам, дәурен өтіп,
Бойдағы күш-қуаттың азайғаны.
Мен үшін қойсаң еді болмай алаң,
Кеудеңде қалды өзгермей сол баяғы ән.
Сен маған айтпап едің бір жалған сөз,
Мен болсам сені кейде алдай алам.
Өзіңнен бөлек тұрам, бөлек өрем,
Жүректен сағынышты төгем өлең.
Көзіме елестейді бала құсап
Жеңіліп отырғаның немереден.
Іске аспай қалды жиған асығың да,
Өзің де үйренбедің асығуға.
Қайтейін, мені саған ұқсатпаған
Кінәлі күрделенген ғасырым ба?!
Сен соғыс, аштық көрдің ғұмырыңда,
Болмады әсем шашбау бұрымыңда.
Сонда да қара ниет жандар бары
Қайранмын енбегенге ұғымыңа.
Өзімше өнер сырын игеремін,
Деп сенен бөлек өмір сүрген едім.
Ақ пейіл, аңқылдаған қасиетіңді
Айтсаңшы қалай ғана үйренемін?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу