Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  92


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Анама бірінші хат

Өзіңді, анам, өмірде
Ренжіткен жерім көп.
Әжем «келін» дегенге
Мен де жүрдім «келін» деп.
Кейде шексіз еркемін,
Сөзін естіп атаның.
Құрдасыңдай мен сенің
Есіміңді атадым.
Ыстық екен сезімің,
Сезіп көңіл бөлмедім.
Мол екен-ау төзімің,
Сонда да жек көрмедің.
Ене сырын ұғып шын,
Өр көңілін қия алмай.
Он екі жыл жүріпсің
Өз қызыңды сүйе алмай.
Еркеліктен білмегем,
Тентектігім көп дейтін.
Таяқ жедім бір сенен
Мәңгі есімнен кетпейтін.
Ұрдың мені амал жоқ,
Қателік боп ісімде.
Ұрдың мені «анам» деп
Айтпағаным үшін де.
Батса да тым жаныма,
«Неге ұрасың?» дер ме едім?
Қайталашы тағы да,
Қайтпай жүрсе еңбегің.
Ес білгелі сөзің жоқ
Айналудан жаңылған.
Бірақ маған кезім көп
Қаталдықты сағынған.
Ойға шаттық дарыған,
Білмен қапалануды.
Осы күні сағынам
Сенің шапалағыңды.
Зулай берсін ай, апта,
Тек еске алып өтем ғой.
Сенен жеген таяқ та
Тәтті болады екен ғой!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу