Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  101


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Сырласу

Туысқа мұнда мені тапшы дер кім,
Бар ауыл дейді: «Төрле, жақсы келдің!»
Қоштасып жолға шықтым, аяулы әже,
Мен сенің жанарыңнан жасты көрдім.
Білем сен еркіндікке бой ұрмадың,
Жасыңнан иығыңда азап, ойыңда мұң.
Қашанда өжет ең ғой, енді қазір
Келді ме кәрілікті мойындағың?
Деп жүрем «ағалармен қатар өтем»,
Өмірдің кейбір заңы қатал екен.
Бір кезде арман болған немереңнің
Жаныңа бойжеткені бата ма екен?
Жетпеді батылдығым сұрауға да,
Жағдайды жеңілдетпес жылау ғана.
Әжетай, мен келгенде дүниеге
Өзіңше қуанды ғой мынау дала.
Сен өте ойшыл едің, көңілді едің,
Мақтаныш – байсалды боп көрінгенің.
Қызың боп қалуға, әже, жалғыз сенің
Рұқсат берер ме екен Елім менің?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу