Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  121


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Білмедің бе?

Сен мені көп көргенсің
Әжемнің арқасында.
Сен мені көп көргенсің
Мектептің партасында.
Көргенсің көктем кезі
Ақ Жайық жағасынан.
Гүл терген бөктердегі
Қыздардың арасынан.
Бақтардан көрдің мені
Іздедің дара жүріп.
Сен едің ол күндегі
Ұялшақ бала жігіт.
Сөзіңе күлуші едім
Жолыққан кезде сенің.
Аңсаймын бүгін сені,
Кеудемде өзгеше үн.
Сағынып іздедім де,
Еш жерде кез келмедің.
Сол қыздың білмедің бе
Сені ойлап өзгергенін?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу