Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  151


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Мен үшін сан аңыздың сырын жайған...

Мен үшін сан аңыздың сырын жайған,
Әжемдей қайталанбас ғұмыр қайран.
«Екі көз бір-бірімен жауласқан соң,
Табиғат ортасына мұрын қойған».
Бұл жағдай, сірә, ақылға сыяды ма,
Айтқыштар әлденені құяды ма?
Жо-жо-жоқ.
Сәл ойлансаң, тапқыштық пен
Адамның бас иесің қиялына.
Айтқанда алғаш әжем мән бермегем.
(Ол кезде кеудемді әсем ән кернеген).
Ойыма келмейтұғын достарымның
Ішінде қара ниет жан бар деген.
Жыл өтті.
Жетеледі арман алға,
Көбейді өмір сыры таңданар да.
Түсіндім әжем айтқан аңыз сырын
Досым да, сүйгенім де алдағанда.
Пәк көңіл, жүрек аңқау кезеңдегі
Көп сіңген тәрбиеме өз еңбегі.
Әр түрлі әңгімені мысал етіп,
Сақтыққа үйретіпті әжем мені.
Айтатын аңызы көп жатқа жырды,
Мақал боп, шежіре боп ақтарылды.
Шешендік өнерінен үйрендім де,
Үйрене алмай қалдым сақтануды.
Өмірге құштар көңіл жалын әлі,
Жаным тек мейірімді сағынады.
Сол сақтық, әжем қанша үйретсе де,
Ақындық жүрегіме дарымады.
Пенделік, күншілдікті күнде көрем,
Қолыңнан келері аз білгенменен.
Мұрын тұр, ал екі көз келе жатыр
Әлі күн бірін-бірі күндеуменен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу