Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  223


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Аққу күйі

Өмірдің той боп жәй күні,
Ұмыттық барлық қайғыны.
Сұңқылдап қонған аққулар
Көңілде көлдің айдыны.
Ұйып бір тыңдап қалдың ба,
Сиқырлы сезім бар мұнда.
Мөлдір су, ерке қос аққу
Келеді көздің алдына.
Жүзгендей алға ұмтылып,
Қаққанда қанат құлшынып.
Махаббат, сезім, сағыныш,
Күй үні – тәтті тіршілік.
Бір-бірін сәл-сәл қуады,
Кетпейді тастап сыңары.
Айнадай тұнық айдында
Ойнайды-ау күннің шуағы.
Шомылтып бәрін ақ нұрға,
Қос ішекті сұңқылдаттың да.
Домбыра шебер саусақта
Айналып кетті аққуға.
Өмірдің той боп жәй күні,
Ұмыттық барлық қайғыны.
Аққудай досқа керегі
Көңілдің аппақ айдыны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу