Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  107


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Домбыра

Күй асқақ сахнада тасқындайды,
Аңызды баяндайды ол қашқын жайлы.
Бар жұртты құдіреттей бағындырып,
Бір адам өзге үнге бас бұрмайды.
Тұлпарлар ойнақтайды пырақ мүсін,
Сақтаған ер жігіттің қуат-күшін.
Әжелер есі кетіп тыңдап отыр
Көтеріп ақ жаулықтың құлақ тұсын.
Жігіттің кім тиді екен намысына,
Мынау зар қалыңдықтың дауысы ма?
Кең залды жаңғыртады шапалақтар,
Ұласып сәйгүліктің шабысына.
Кетсе де ұмытылып мол мұрасы,
Қазақтың ғажап осы домбырасы.
Айналған ұрпақтардың мақтанына,
Ежелден қадір тұтып кәрі-жасы.
Жиында биден бұрын күй қызыпты,
Той шапан өнерліге кигізіпті.
Тарихын томға сыймас менің бабам
Қос ішек пен он пернеге-ақ сыйғызыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу