Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  145


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Жан сыры

Қызыңмен сырлассайшы, туған Дала,
Қай жаққа кетемін сен қуғанда да.
Менің кім болғанымды қалап едің,
Қолымнан келгені тек жырлау ғана.
Бұл күнде шынымды айтсам, сенер ме едің?
Жоқ шығар жасырғаным сенен менің.
Ежелден дала қызы атанғалы
Мен сенің құшағыңда не көрмедім?
Сатылдым. Жетегінде мал бергеннің,
Онда да сыңсып, тойға сән бергенмін.
Ғашықтар аңызына айналғанмын,
Өшпейтін, өлмейтұғын ән бергенмін.
Кестемен салып өмір өрнектерін,
Өзімді құрбандыққа бермеп пе едім?!
Соғыста ел мен елді бітістіріп,
Бесікте батыр ұлдар тербеткенмін.
Тыңдашы, келіп отыр ақтарылғым,
Сен болшы төрешісі жоқтауымның.
Қыз бала жолы нәзік дегеніңмен,
Күн туса қол бастадым, атқа міндім.
Қоршалып ортасына көп дұшпанның,
Жасықтар жүрегіне от тастадым.
Арыңды қорғау үшін, туған Дала,
Әлия, Мәншүк болып оққа ұшқанмын.
Енді мен ерлеріңмен теңесемін,
Тисе деп шырылдаймын елге себім.
Ортайған теңізің мен өзеніңді
Ұлыңдай жоқтасамын мен де сенің.
Тағы да жақын етем алысыңды,
Мақтанып жырға қосам табысыңды.
Сен мені қызым деме, туған Дала,
Қорғауға жарамасам намысыңды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу