Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  112


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Қуандым

Көктем кеп, қырлар гүлді жамылғанда
Қызықтым арна бұзған ағындарға.
Қуанды жас жүрегім алып-ұшып
О, менің қуанбайтын шағым бар ма?!
Құбылған тіршілікте дамыл бар ма?
Қуандым айқындалған сағымға да.
Қуандым соғыс жылы жоғалған қыз
Іздеген туыстары табылғанға.
Қуандым той деп ауыл сабылғанда,
Жас келін жібек шарқат жамылғанда.
Қуандым құраққа да сарғаймаған,
О, менің қуанбайтын шағым бар ма?!
Әр таңда күліп көкке шығардай күн,
Әйтеуір, қуанышсыз тұра алмаймын.
Тек қана мөлдіреген қайнар бұлақ
Тартылып қалған жерде қуанбаймын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу