Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  110


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Зиялы арна

Ағысыңнан, Ақ Жайық, тынбадың ба?
Аңсап жатыр өзіңді құм да, қыр да.
Сен нәр сыйлап келесің талға, гүлге,
Жағдай жасап жағаңда ырғалуға.
Қадіріңді өстім мен жастан біліп,
Әуенінен ағынның дастанды ұғып.
Ағатынсың сен онда өткел бермей,
Жанарларды арнаңмен жасқандырып.
Тірлік сыйлап, жаралдың ән салуға,
Жетер екен ғұмырың қанша жылға?
Көз алдымда ортайып кеткендейсің,
Қажыдың ба, ерке өзен, шаршадың ба?
Тағдырың бар өмірге ғашықтардай,
Өз арнаңда шашылып тасып қалмай,
Тұнығыңды ағасың мөлдіретіп,
Көк теңізге құюға асыққандай.
Мендік сезім көлі де шайқалмалы,
Саған келсем көбейер ой толғағы.
Айтшы, Ақ Жайық, өзіңнен маңызды ма
Шалқып жатқан Каспийдің ортаймауы?
Сырлассайшы менімен, зиялы арна,
Жетелеген қызыңмын қиялы алға.
Ұқсасам деп өзіңе армаңдап ем,
Қайдам, сенше теңізге құя алам ба?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу