Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  160


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Ақ жайыққа жыр арнағым келеді

Ақ Жайыққа жыр арнағым келеді,
Оған айтар мұң-арманым көп еді.
Туған жердің қасиеті шығар-ау
Гүлдей сұлу талы менен терегі.
Оны ұмытсам болмас, сірә, кешірім,
Соған ұқсас қойылыпты есімім.
Оны қалай жырламайын, егерде
Толқынында тербетілсе бесігім.
Сонда маған жұлдыз күлді аспаннан,
Сылдыр әнді алғаш ұқтым жас талдан.
Мөлдір ағын дыбысынан кеудемде
Нәзік жырдың шумақтары басталған.
Сонда жатыр ата-бабам моласы,
Қымбат маған қаласы мен даласы.
Менің алғаш вальс биін билеуге
Себеп болған Ақ Жайықтың баласы.
Жайық десе, ойда Нарын өлеңі,
Сағынғанда еске аларым көп еді.
Жайық – Анам, Жайық – Елім, Отаным,
Құшақтағым, аймалағым келеді




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу