Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  94


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Бұлбұлды бақта тыңдаумен...

Бұлбұлды бақта тыңдаумен
Жастықты тойлағанмын көп.
Сапарға сай, қыр, шыңдармен
Шығам деп ойлағаным жоқ.
Жібек жел тарап шашымды,
Самал да аймалады кеп.
Кей күні жүрдім ашулы
Сандуғаш сайрамады деп.
Мен үшін көктем қайда да
Алдымнан шығатындай нұр.
Ән айтып барлық айнала,
Өзгермей тұратындай бір.
Шайқаған көлін көңілдің,
Дауылға жолықпаған ем.
Соқпағы сансыз өмірдің
Сырына қанықпаған ем.
Аз жүрген жолым – мың қырат,
Жазықтық емес көлбеген.
Кей күні құздан құлдырап,
Шығамын белестерге мен.
Тірлікте бәрін, апа, тек
Бақыт деп үйреткенсің сен.
Мұңая қалсам қапа боп,
Әлдилеп күй шерткенсің сен.
Білдім бе жылдар өтерін,
Сындарда шыңдап тағы да.
Түсінсін өзі деп пе едің
Өмірдің жұмбақтарына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу