Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  107


Автор: Нүсіпбай Әбдірахым

Темірханға

Бөліскен балғын жастықтың балын, ауырын,
Барсың ба менің пайғамбар досым – бауырым?
Баяғы кездей өр басың әлі биік пе,
Шайқады ма әлде тағдырдың дүлей дауылы?
Барсың ба, досым, жанымның асқар тірегі,
Лүпілдеп әлі соға ма ыстық жүрегің?
Тұнжырап әлде жүрсің бе түсіп қабағың,
Еңсеңді басып тағдырдың қара түнегі.
Өмір ғой, досым, жүрмейсің ылғи күрсінбей,
Кеудеге сыймай жүрек те кейде дүрсілдер.
Қамыққан кезде құс болып ұшып кеткің кеп
Аспанға күнде бір қарап қойып жүрсің бе?
Өзіңдей болып түсінер кімдер жанымды,
Ойрандап кетті біреулер тыныш бағымды.
Жападан-жалғыз жабырқап жүрген шағымда
Жаз болып күлер жаныңды сенің сағындым.
Тайбурыл сынды тимейтін жерге аяғы,
Тоқтамай айлар зымырап кетіп барады.
Думанды тойдан көре алмай жүрмін сені мен,
Таба алмай жүрмін Темірхан атты баланы.
Бейнеңді сенің түсімде ғана көрген ем,
Қиялмен көргем қиянға құлаш сермеген.
Алаңдап жүрмін ашылған сайын есігім,
Жан досым, өзің келердей кіріп бөлмеме.
2
Адастық, мүмкін, бұлыңғыр өмір күнінде,
Думанды шақтар алысқа кетті бүгінде.
Тойладық біздер, амал не, мейлі, тоймадық,
Жастық шақ солай өтті ғой, досым, күйінбе.
Бірге іштік біздер өмірдің тәтті балын да,
Сүйіп те көрдік,
Өртендік бірге жалынға.
Өмір сол екен, өкпелеп оған қайтесің,
Ол күндер бүгін айналып кетті сағымға.
Өтпестей болып созылар ұзақ айлар да,
Сарылып кейде күтуден көңіл талғанда
Дос көңіл бар де осынау жердің бетінде
Жалғыз қап бір сәт еркіңді беріп арманға.
Жалғыз қап бір сәт еркіңді беріп қиялға
Толқысаң кейде бөлмеге торлы сыя алмай
Жалт етіп өтер алдыңнан қымбат сол бейне
Жалаңаш таста бұралып өскен шынардай.
Сол кезде күлкі жүгірер сенің жүзіңе
Ұмыт боп бір сәт өмірдің сұрғылт күзі де.
Шығарып естен көңілді қажар ойларды
Жатарсың ұзақ түндерде таңға көз ілмей.
Шалқып бір жүрген жастықтың қымбат сол шағын,
Еске алдым мен де,
Мұңайып күнде шаршадым.
Жаныма ыстық сағыныш сазын сыйлаған,
Бір кезде сонша қинаған жанды аңсадым.
Бастасын қайда сан тарам өмір жолдары,
Демегін басты айықпас тұман торлады.
Бәрі де өтер,
Бойдағы сезім, арманды
Жоғалтып алып жүрмесек, досым, болғаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу