Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  84


Автор: Нүсіпбай Әбдірахым

Досым Монтайға

Өлдің сен,
Жоғалдың сен жер бетінен,
Ерте өшті шаттық нұры келбетіңнен.
Жатырсың салқын, сызды жер астында,
Көрмейсің бақыт гүлін тербетілген.
Әлі күнге тұр бейнең көз алдымда,
Асыр саушы ек балалық базарында.
Бір жүруші ек, бір күліп ойнаушы едік,
Ұмытсам айыптымын ар алдында.
Қара бұлт аспаныңды жасырмаған,
Құштарлығың өмірге басылмаған.
Жас едің сен, жан досым,
Қыршын едің,
Он екіде бір гүлің ашылмаған.
Еске алсын қыршын жасты ерте өлген,
Антым бұл, қымбатты дос, саған берген.
Белгі ғып туған жерден қабіріңе
Ескерткіш орнатамын өлеңдерден.
2
Досым менің!
Кешір менің көңілімді босаған,
Сендей мені түсінбеді әлі күнге еш адам.
Алаңқайға біздер барып ойнаған
Өсіп кетті ермен, қурай, ошаған...
Өтіп жатыр,
Атып жатыр арайланып ақ таңдар,
Өмір шіркін күнде тәтті болып бара жатқандай.
Той-думанды мына өмірде тек қана
Сен жоқтығың жүрегіме батқандай.
Тілегіміз,
Арман еткен бақытымыз бірге еді,
Амал қанша, қатал тағдыр ажыратты іргені.
Құшағына алған сені толқындар
Әлі күнге қақпақылдап жүр мені.
Мені қойшы,
Мен әзірге жер бетінде тірімін,
Жұпар иісін жұта аламын көктемнің әр күнінің.
Сен зарығып жатырсың-ау,
Өмірге
Тастай алмай көзіңнің бір қиығын.
Қымбат еді,
Қимас еді балалығым сенімен,
Неге ерте ағып түстің биік өмір көгінен?!
Сен тірісің, тірі, биік қалпыңмен
Орын алдың көңілімнің төрінен.
3
Тағы да көктем келді күлімдеген,
Толғандай ерен күйге бүгін денем.
Құшырлана иіскеймін қызғалдақты
Бейкүнә бір жүректей дірілдеген.
Көктем де, қызғалдақ та баяғыдай,
Есіме өткен күнді салады ұдай.
Сыздайды жүрек бейне сұм соғыстың
Шойынын тасып жүрген жаралыдай.
Ойын-той қанша еркімді алғанымен
Сені бір сәт ұмыта алмадым мен.
Сенсіз жүріп келемін тіршіліктің
Таусылмайтын сан алуан жолдарымен.
Кеше гөр бір кінәмді, досым менің,
Басыңа гүлдер шоғын өсірмедім.
Өлеңмен айта алмадым аузым барып
Жас өмір, жақсы үміттің кесілгенін.
Кең дүние күлімдетіп күй төккенде,
Басыңа бара алмадым бұл көктемде.
Ең болмаса еске алып отыратын
Қалмапты-ау сарғыш тартқан суреттер де.
Мен үшін әлі күнге тірісің сен,
Барсың сен, көп досымның бірісің сен.
Жанымдасың қуанған шақтарымда,
Жас боп ақтың көзімнен күрсінсем.
Дос едік әні бірге, жаны бірге,
Басқалар ұмытты ма сені мүлде?
Кім сені еске алды екен бұл көктемде,
Кім сенің гүл қойды екен қабіріңе?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу