Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  125


Автор: Нүсіпбай Әбдірахым

Гүлім, саған келеді сыр ақтарғым

Гүлім, саған келеді сыр ақтарғым,
Қуантармын, білмеймін, мұңайтармын.
Кешіре алсаң кешкейсің, күнім менің,
Енді төзсем жынданар сияқтандым.
Бір жауабын берейін маған деген
Көңіліңде жүрген көп сұрақтардың.
Сен үшін түсініксіз жан шығармын,
Өшірген әдейі үрлеп шамшырағын.
Өзімді түсіндірер өлең ғана
Сыйым бұл - ақ жаныңмен алшы, жаным.
Бұлт едім мен,
Еріксіз тамып кеткен
Бұл менің ауыр, мөлдір тамшыларым.
Сүйгем мен!
Несіне оны қайталаймын,
Мен айтқам, айтар таулар, айтар айдын.
Жеріне жете алмаған жолаушымын,
Қайтадан ауылыма қайта алмаймын.
Өкпем де болған, оны несіне айтам,
Несіне өзегіңді балталаймын?
Сезімімді ешкімнен жасырмағам,
Ақын етті асқар тау, жасыл далам.
Өлеңіммен қызғалдақ ұсынып ем,
Қайтардың таудың қара тасын маған.
Мен сонда тулағанмын, тасығанмын,
Мен содан әлі күнге басылмағам.
Гүлім, саған келеді сыр ақтарғым,
Кінәлама, мен бүгін құлап қалдым.
Шаттығыңды бөлісе алмаймын мен,
Жылар болсаң қайғыдан жұбатпаймын.
Құлатқан жоқ әлі де қатал тағдыр
Жел тербеген жанымның құрақтарын.
Мен сүйсем құлай сүйем бар жаныммен,
Адаммын шындығыммен, жалғаныммен.
Адамдықты түсінем ақ көңіл деп,
Биіктерді өлшеймін арманыммен.
Түндерімде жыр жазғам ақын болып,
Бала болғам бейкүнә таңдарыммен.
Сәби ем зұлымдықпен ауырмаған,
Бәрі дос, бар адамдар бауыр маған.
Бәрін де құшағыма алғым келген,
Сырласым еді мынау сайын далам.
Аңқылдап жүргенімді кей адамдар
Күлкі еткен.
Сонда алғаш ауырлағам.
Мінезім бар кей сәттер дауылдаған,
(Ол мінезден әлі де арылмағам).
Тәніме де тиген ол таяқ болып,
Жарға соққан екпінім арындаған.
Сонда жалғыз қалғандай сезінгенмін,
Сонда сен керек едің, жаным, маған.
Сонда мен ойлағанмын қатал болам,
Тек сені ренжітуге бата алмағам.
Бар еді қолтығымда қара мылтық,
Аққуды қолым барып ата алмағам.
Сол түні басқаны атып ауызданғам,
Сол түні төсегімде жата алмағам.
Содан мен тұйықталғам, тұйықталғам,
Тасый алмай кеудеме тұныпты арман.
Сандық болып содан мен қала бергем
Мәңгілікке ауызы құлыпталған.
Ішімнен тынып үнсіз жүре бергем
Заттай бір ескі жұртта ұмыт қалған.
Содан мен есерлікті бастағанмын,
Ішім бөлек, Сыртымда басқа жанмын.
Өлеңді де сол кезде өкпелеткем,
Тұншықтырып сезімді тастағанмын.
Өкінгеннен не пайда өткен іске,
Ес білмейтін сол кезде мас болармын.
Сен едің бір-ақ мұңым, бір-ақ қайғым,
Бұл күнде суы азайған бұлақтаймын.
Кешіп өт бақытыңа барар жолда,
Сәулешім, сені ешқашан құлатпаймын.
Шөлдесең сусын болам, Іздемесең
Бір күні шөлге сіңіп тұрақтаймын.


Түсініксіз жан болып көрінермін,
Ақымақ де, ақын де мені, мейлің.
Жасын оты жанымды тіліп жатыр,
Нөсер болып бір күні төгілермін.
Күркіреген көктемнің аспанынан
Төгілермін, тамшы боп сөгілер мұң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу