Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  71


Автор: Нүсіпбай Әбдірахым

Келтіре алмай көңілдің құлақ күйін...

Келтіре алмай көңілдің құлақ күйін
Кеткендеймін құрдымға құлап, күнім.
Көңілімді ешнәрсе толқытпайды,
Бос қалған бір иесіз үй сияқтымын.
Толқытпайтын сияқты жырақтығың,
Сезім емес, көзімде сұрақ бүгін.
Сүйе алмаған жаныңды көп қинадым,
Кінәлімін алдыңда, Ұяттымын.
Кнәлімін, Ақталам қалай ғана,
Жаныңа да салдым-ау талай жара.
Аспаныңа ұшырам, қоңыр қазым,
Қарайлама артыңа, қарайлама.
Таңың атып менсіз де, күнің шығар,
Жауып өтті көңілге бірінші қар.
Ақ қар басқан даладан үлбіреген
Қызғалдақты табуың қиын шығар.
Күншуақпен құбылған тамшыдайын
Бір шарықтап көгіңде алшы, жаным.
Мен қорғаштай алмаймын енді сені
Тырнағынан қандыкөз қаршығаның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу