Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  86


Автор: Нүсіпбай Әбдірахым

Саған жазған жырларды қайта алдым қолыма...

Саған жазған жырларды қайта алдым қолыма,
Күйінгенім, күлгенім –
Бәрі түсті ойыма.
Мына өлеңді жазғанмын алғаш ғашық болғанда,
Мына өлеңді сый қылып тартпақ болғам тойыңа.
Ал мынаны жазғанда жас баладай армандап,
Жүрген кезім өзіңді тәңір тұтып қайран қап.
Мына бірі мұнарлы мұңға батқан кездерім,
Мына бірі жанымды жүрген кезің ойрандап.
Мына бірі... мейлі, енді, қайтем бәрін тізімдеп,
Бәрі де өшкен, бәрі де баяғыда үзілген.
Көлеңкеңді алыстан көргеніме мәз болып
Күні бойы жалықпай жүретінмін ізіңнен.
Сезіміңді еш өлең селт еткізген жоқ, білем,
Сонда да сен ешқашан санамашы кектіге.
Сый ғып тартқан жырларды тауып алғам еденнен
Аяқтардың астында түсіп жатқан тепкіге.
Содан бері көңілге құрғамайтын қақ тұрып,
Кеткем ұлы сезімді у жыланға шақтырып.
Адамдарға аңқылдап сыр ашуға қорқамын,
Ақ жанымды балшыққа кететіндей лақтырып.
Ұмытылмас өмірде қимас тәтті шақтардай,
Арман болып алыста қалдың бүгін ақмаңдай.
Саған жазған жырларды қолға алуға қорқамын
Жүрегімді әр жолы тепкіге алып жатқандай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу