Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  112


Автор: Нүсіпбай Әбдірахым

Даланы аңсау

Талпынғандай кеудемде бала бүркіт,
Алабұртып кеттім-ау, алабұртып.
Ақбозыңды берші, аға, керегеде
Қала берсін қандыауыз қара мылтық.
Керегі жоқ бүркіттің, тазының да,
Сағынышым болсын бар азығым да.
Саумалын бір сіміріп сар даламның,
Құйғытып бір қайтайын жазығында.
Санамайтын ешқашан бөтен мені,
Көріп қана қайтайын бөкендерін.
Қалқайып тұрған шығар тас обалар
Қалап кеткен қалаға кетердегі.
Көптен бері жолдарым түйіспеген
Тұрған шығар тербеліп күміс селеу.
Көкірегімде ән салып жүрген күнде
Бозторғайы қашпауы тиіс менен.
Қайта оралған тұлпардай қазығына
Ағып бара жатамын жазығында.
Алаңдама кешіксем, ағатайым,
Еш бөрінің кетпеймін азуында.
Талай дуда өзімді сынағанмын,
Алаңдама, аттан да құламаймын,
Одиссейдей сағынып жеттім елге,
Тағдырдан енді ештеңе сұрамаймын.
Жауынын да бүркенбей тосып алам,
Бәрінің де ақниет досы болам.
Көк майса, ашық аспан, күліп тұр күн,
Бәлкім, бақыт дегенің осы болар...
Кернеп барад кеудемді көл-көсір үн,
Асқарлардан мен бүгін еңселімін.
Мен бүгін құдіретпін,
Мынау ұлы
Табиғаттың кішкентай бөлшегімін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу