Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  107


Автор: Нүсіпбай Әбдірахым

Тарихи хикаят

немесе тіл жөніндегі толғаныс
Мұның өзі болған тарих кешегі,
Кім біледі, әлде жұрттың өсегі...
Есерсоқ хан тіл жөнінде бір сойқан
Сынақ жасап көрген екен деседі.
Бола берер ойға сыймас жай, тіпті,
Бір уәзірі танытпақ боп артықтық:
Әрбір сәби ана тілін туа сап
Білед деген сандырақты айтыпты.
Тасқаны ма, әлде, шектен асқаны,
Хан сөздерін құлаққа ілмей басқаның
Анасының бауырынан алып ап
Төрт-бес ұлды итқораға тастады.
Қандай күйге түсті байғұс анасы,
Тұманданып кеткен шығар санасы.
Итпен бірге күте берді мылқау құл
Жылдар бойы нешеме ұлттың баласын.
Тынышталар күні жетіп өлгенде,
Қандай күйді кешпейді адам шерменде?
Жаншошырлық сұмдық тұрды қорада
Бес жылдан соң есікті ашып көргенде.
Ырылдаса тарғыл төбет жан алар,
Күшікке ұқсап қыңсылайды балалар.
Жылтыңдаған көздерінде үміт жоқ,
«Тілім қайда, – деген де жоқ – ағалар?».
Ауыр тарих.
Айтып тұрмын несіне,
Қандай тұспал?
Кімге, неге өшігем?
Тілдің жайын ойлап кетсем амалсыз
Осы бір жайт түсе берер есіме.
Шындық осы.
Қала, мейлің, қалама,
Ақиқатты құю керек санаға:
Ана ғана әлдиімен тербетіп
Ана тілін үйрететін балаға.
Әке – ұлына, ал атасы немере
Қай кезде де болу керек өнеге.
Өз тіліңде айта алмасаң далбаса
Көтерілдім деп жүргенің төбеге.
Тәуелсіз ел, ұлт атанып жүргесін
Тілің, дінің табу керек үйлесім.
Анамыздың бауырынан айырып
Ешкім бізге сынақ жасап жүрмесін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу