Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  364


Автор: Аманхан Əлімұлы

Қызылқұм

I
Қызылқұм майға бөккен тары дерлік,
Өзіңдей момақанның бары да ерлік.
Кеудемді көптен буып келе жатқан,
Сағыныш саған деген сары белдік.
Момақан ішің емес, сыртың ғана,
Аунаған ауық-ауық бұлтың нала.
Есіме түсіп кетті қай-қайдағы,
Қап қойған балалықтың жұртын қара.
Сексеуіл семіп қатқан сертім дерлік,
Шілденің бірге талай өртін көрдік.
Жүргеннен шығар демеп құм қызыры,
Тағдырға көрсете алсақ бертінде ерлік.
Қып-қызыл жалын шарпып құбыланы,
Шалдығып шашақты Күн жығылады.
Алмастың жүзіндей құм салқын тартып,
Аптапта астар барын ұғынады.
II
Қызылқұм қызыл мейіз қатқан, білем,
Қатталып құпиясы жатқан кілең.
Əтештің айдарындай Ай да туды,
Шағырмақ жұлдызды көк мақпал кілем.
Дедім бе мақпал кілем, теңеу ғана,
Қоса оған қайың деймін селеуді ана.
Айрандай ұйып қалған тыныштықты,
Бұзады қызыл қурай бебеу қаға.
Қызылқұм жылтыраған салқын түсің,
Айдаһар қорып жатқан алтынбысың?
Қызылды Қызыр көріп жүре-тұғын,
Сезеді моп-момақан қалпыңды ішім.
Момақан дегенді мен қайталадым,
Куə етіп көктің толған Ай табағын.
Бұп-бұйра бүктетілген бұйығы құм,
Сонда да бүлк етпейді байқағаным.
Қызылды жел көтерген көрсең келіп,
Көшкендей үрей салар сең-сеңге еріп.
Тынымсыз құм тірлігі ыстық маған,
Себебін айта алмаймын берсең де ерік.
III
Қызылқұм үрлей соққан үрме құмды,
Көтердің кеудемдегі бірде мұңды.
Сағыныш саған деген сары белдік,
Шеше алмай, білесің бе, жүргенімді?
Бүк түскен ішін тартып бүкір белің,
Қараңдап көрінгенге шүкір дедім.
Ажары солғын тартқан жарымжан Ай,
Көңілсіз қоя салған үтір ме едің?
Бұлттай шуда-шуда шұбырмалы,
Еседі бір қалыпты құм ырғағы.
Төбеде томсырайып отырмын мен,
Бүркіттей томағалы тұғырдағы.
Қоңыр күз оңған өңір кимешегі,
Керуен күндер кешкен күйде есебі.
Өшірген өртей-өртей өз қызуы,
Қызылдың құмы салқын күй кешеді.
IV
Қызыққаның қызылдың бұлауына,
Əбділда аға, көңілдің құлауы ма?
Құмжуасын қыздармен теріп жүрсең,
Күмəнім жоқ біріне ұнауыңа.
Қыстағыдай сеземін түн тағы ұзын,
Қаптап неге кетті екен мұнша ызың?..
Қызылқұмды сағынып жүрмін мен де,
Барсам сөзсіз əкелем құм сағызын.
Құм бұлауын аңсаған қарт ақыным,
Анық бірін өзіңе тартатыным.
Мамыражай тірлікті кеше бергін,
Маңғазданып жатқанда марқа құмың.
Қалың құмда түсіңде адасқаның,
Өмірге үлкен өңіңде жол ашқаның.
Қызуы өткен Қызылдың табанына,
Тарлан ақын таппасын толас жаның.
Қып-қызыл құм, Қызылқұм, қызыл бұлау,
Терезеден телмірген күзің мынау.
Тасыр тартқан ішектей талғам білмей,
Қайран көңіл мұң еміп үзілдің-ау.
Жо... жо... жоқ мұны айтқан мен емеспін,
Сағымды сағынышқа теңемес кім?..
Қып-қызыл жүрегімді жалау етіп,
Қып-қызыл құмда желдей келеді ескім




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу