Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  287


Автор: Аманхан Əлімұлы

Мәскеу саздары

I
Жететін желең желдей беліңді асып,
Ес біліп, етек жиған елім қашық.
Мəскеуде сырахана ішінде мен,
Сан тұрдым сағыныштың шөлін басып.
Босаңсып көңіл бота боздағасын,
Селеудей секем алған қозғаласың.
Сағыныш сағыныш па сағым іліп,
Тырнадай тұнық даусын созбағасын.
Көлбай мен Əділғазы жоқ қасымда,
Алыста айыл тартар от басым да.
Көгілдір көзді Вика көз алдаса,
Тобылғы торы сыра тоқтасын ба?
Аңғартар алуан сырдың жайын кейін,
Виканы сылаң қаққан қайың дейін.
Маужыр түн пүліш түкті етек жайса,
Айналып бақ кетуге Айым бейім.
Бұралқы ит, кезбе мысық, көгершін көк,
Ойлаймын бұлай жүрсең өлерсің деп, –
Жерінер жерден жентек жем іздедің,
Бойыңа болар-болмас нелер сіңбек.
Тірліктің жақсылыққа жорып таңын,
Көн мойын торсық байлап торықпадым.
Арақтың шалығы сəл шалғанымен,
Бұзылып кеткенім жоқ қорықпағын.
II
Күлім көз сыршыл Вика айыптама,
Тағдырым қалт-құлт еткен қайық қана.
Қоңыр күз, қоңыр көңіл, қоңырқай кеш,
Қанатын келе жатыр жайып жаңа.
Келмейді жылы жерден ерте кеткім,
Қожайын тоқ қалтасын шертеді ептің.
Ақ сары шашты қызды көгілдір көз
Қазақша қарғашым деп еркелеттім.
О, Русь, демей-ақ сен жер шеті едің,
Жаңалық емес шығар өрсе тегім...
Қымыз бен қызға құлай кете-тұғын,
Қазақы мінез саған көрсетемін.
Қайтарды құс тұмсық күн қысқа басын,
Мезгілдің үрдісі асып қыстағасын.
Аспандай ала бұлт əужемдеген,
Қам көңіл қапа қысып ысталасың.
Қалайша қайтарамын гүл өтемін,
Дегендей ой астарын түлетемін.
Қамырдай қараңғылық қоюланып,
Қылымсып қымтай түсті түн етегін.
Ашылып Сырдағыдай Айдың бағы,
Қаққаны қалмақ қасын қай қылғаны.
Топырақ түс шашымда саусақтары,
Ойнайды аққудайын айдындағы.
О, Вика сұлу емес, көріктісің,
Көзіңнен көрінеді ерік күшің.
Отты ауа, Сырахана, кермек түтін,
Талайдың мұз жайлаған ерітті ішін.
III
Жырақта жүрген мұңын алымды ердің,
Қартадай қатпар-қатпар қалың дер кім?
Шалқыған толқынданып сары жазда,
Көзіңнен көгілдір бір жалын көрдім.
Сағыныш санамдағы ендік майда,
Қадірін қара қыздың енді ұқпай ма?
Сен мені салыстырма таулықтармен,
Оларда мендегідей кеңдік қайда?!
Сүйіспен қыз бағасы өлшенбейді,
Сондықтан құшақ, міне, енсең мейлі.
Біз жақтың ақындары махаббаттың,
Көзіне қарап жатып өлсем дейді.
Десе де əлдекімдер түйді есебін,
Мен сені мұнша құлай сүймес едім, –
Басындай мық жусанның айрықталған,
Алапат ала құйын күй кешемін.
Созылған сүттей қою сұңғақ қайың,
Мұндайда көлеңкесін бұлдап па, айым?
О, Вика, біле-білсең қалың қазақ,
Мықты ақын дейді мені тыңдап, қайым.
Келмейтін көңіл күйге налып, састы,
Үп етпе ұлпа сезім алып қашты.
Қоп-қою бұйраланған көк шалғында,
Тізеңе тыныстадым салып басты.
Тағдырын тасқа түскен алымды ердің,
Көкпарда сара салған салым дермін.
О, Вика, ыстық желдей шалықтаған,
Көзіңнен көгілдір бір жалын көрдім.
IV
Алдырып араққа удай еркімді мен,
Басамын сағыныштың өртін кілең.
Ауыл... тоғай... содан соң алыстағы Ай,
Бұл менің айықпайтын дертім, білем.
Көңілім көгендегі жетім қозы,
Сетіліп кететіндей секілді өзі.
Сезімім сал бидайық шашақталған,
Төзімім қатпа қайрақ бекім безі.
Қызарып күн кірпігі қалыпты, ана,
Қараймын айналама налып қана.
Бұлттың көлеңкесін түсірмейді,
Үстіме көк тіреген алып қала.
Күйедей түскеннен соң ойға нала,
Үгілме кесек көңіл жайлана ма?
Қаланы қызыл ала қан шайды да,
Ақ күлгін бу жүгірді айналаға.
Сырасы өткен сайын Шал құлайды,
Қойғандай қазық баулап қалқыма Айды.
Вика да көгілдір көз бұйығылау,
Шалғындай шық шылқыған шалқымайды.
О, Русь, жүрсем де көл, беліңді асып,
Ес біліп, етек жиған елім қашық.
Мəскеуде сырахана ішінде мен,
Сан тұрдым сағыныштың шөлін басып.
V
Ауыл қалай... Мəскеуде күз қабағы,
Қар жауардай қабынып сызданады.
Қола Пушкин тұр солай қоңырайып,
Суық самал судырап із бағады.
Жабағы бұлт еңсесін басқан күйі,
Жасын сығып алады аспан жиі.
Бүрсеңдеген жапырақ бүкір белді,
Бойын алар ызғардан қашқан бүйі.
Көңілімде көктемнің көз ілгені,
Селкеу тартқан сері бір сезім бе еді?!
Қиын екен қыраулы қыс хабарын,
Талма белді тал-қайың сезінгені.
Ісінеді жаңбырдан тас та білем!..
Жанарыма тығылған аспанымен, –
Лебі тартқан Айдаһар секілденген,
Сіңіп кеттім əлемге басқа кілең.
Не істейін шырқын бұзбау үшін,
Жүгенсіздеу жанымның сыздауы шын.
Солқылдаған метро, қасымдағы,
Жұтып қоя береді қыз дауысын.
VI
Не жетеді алаңсыз ымдасқанға,
Ел көшкендей жанымды мұң басқан ба? –
Жұлдыздарды жымың көз жұтып қойған,
Адасады жанарым түнгі аспанда.
Осып өткен секілді жасын қайғы,
Қам көңілім көк іліп тасынбайды.
Бұрымды қыз буыны босағандай,
Иығыма ыңғайсыз асылмайды.
Шулы Мəскеу... Жалғыздық... жоқ Ай тағы,
Күз сыпсыңдап өкініш көп айтады.
Қолаң шашы шашылған қара түннің,
Қала қоймас көзімде оңай табы.
Тіршіліктің көрермін бұйырғанын,
Шын шақырса шырылдап қиырдағы үн.
Қалың тоғай, Сыр бойы, Сыралғы ел,
Түбі қалар сол жақта түйір қаным.
VII
Мəскеу бүгін оранды қар мақтаға,
Тасты Арбат қаққандай арнап таға, –
Сұп-сұр күйі тиеді табаныма,
Тістей берем мен болсам бармақты, Аға.
Еңселі үйлер есепсіз иықтасқан,
Көңілдердей күй кешкен күйік басқан, –
Енді көкке келмейді бой созғысы,
Бекер бізге дегендей иіпті аспан.
Жанарымда жылтырап жасықтай мұң,
Тесік қалта келемін... асықпаймын.
Қола Пушкин биік тұр тұғырында,
Ал, мен болсам қазақы асықтаймын.
Кезбе мысық, бұралқы ит бүрсеңдеген,
– Бірің ойнап, екіншің үрсең, – деп ем.
Метроға тығылдың мейірім іздеп,
Сезінемін көшеде құр сенделем.
VIII
Қожатоғай... Сыр бойы... Белең төсі...
Кетсе де алып жыраққа өлең көші, –
Жатаған там жадымнан шығармысың,
Көлбей түскен жиденің көлеңкесі.
Тоғай жайлап тамырын жайып қалған,
Қалай кесіп аларсың айып шалдан, –
Намы бойдан кетпеген қамыс баулап,
Дарияға қайқы төс қайық салған.
Кете алмайды келеңсіз жұртың да асып,
Сары шалдан отырған мұртын басып.
Мал қайырдан бастайды кешкі əуенін,
Көрші-қолаң кетерде қыртыңдасып.
Қиын еді қайыстай қартың үшін,
Шибөрінің жыласы тартып ішін.
Қысық жарық іздейтін қабырғадан,
Көлеңкесін апамның жарты пішім.
Шайқап-төгіп сəбилік сезім көлін,
Қалай өте шыққанын сезінбедім.
Жұмбақ жұлдыз ойнама өткеніммен,
Таба алмастан отырмын өзім де емін.
Қараңғылық қарына жарық басар,
Ел-жұрт аман... жайым жоқ налып, сасар.
Əлдеқайдан еседі суық самал,
Жапырағын жанымнын алып қашар.
Сал сағыныш жүректі сыздатқалы,
Көкіректе қаншама мұз қатпады.
Алыс Мəскеу... Сыр бойы... Қожатоғай
Жұлдыздың жақсы емес пе түзде аққаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу