Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  169


Автор: Аманхан Əлімұлы

Өзіммен-өзі қалғанда

Алмастырар нұрсіңді жарап Күнге,
Мысық көз Ай тұрсыз, Сіз, қарап кімге?
Көңілсіздеу сенімен ей, Аманхан,
Өмір жайлы сырласу барақ түнде.
Күндіз де сол, қашанда мұңың басым,
Анық сені айтардай ұғынбасым.
Сусыз құдық секілді кеудең кейде,
Тығып алған бос шелек тығын басың.
Кіді күнді өткізіп ызба бастан,
Бұлт буған тұр тағы сыздап аспан.
Қарабыртып қарайсың сөзге тартсам,
Қайда қоям көңілді мұзға басқан.
Болмас енді таппасаң өзің емін,
Ұялапты бірегей көзіңе мұң.
Аунап түсер сүйсініп аруақтар,
Жыр мазалап жүргенін сезінемін.
Тозған ауыл, ондағы бұлт жайлы,
Шенсіз халық, сонан соң ұлт жайлы, –
Ойлар білем еңсеңді көтертпестен,
Аштырмайды-ау жаныңды құлып-қайғы.
Қарға адым келтірмей бір басуға,
Қара суық қабынып тұр ма асуда?..
Өмір жайлы, Аманхан, осындайда,
Көңілсіздеу сенімен сырласу да.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу