Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  243


Автор: Аманхан Əлімұлы

Соңғы трамвай

Тыныс кеміп, мезгілсіз, сарқылма дем,
Кірпігіме ұйлығып жарқылды əлем, –
Бүлк-бүлк қағып теңселген трамвайдың,
Қалғып-мүлгіп келемін артында мен.
Көңілсіздеу келеді Ай да ілесіп,
Тұр самал да жып-жылы майда есіп.
Бар мен жоқтың арасын сыналаған,
Қу тіршілік барасың қайда көшіп?
Қала оттары жылусыз жүзін бұлап,
Күн батқалы қаншама қызыл құлақ.
Сымға асылған трамвай білегінен,
Шыққан жұтып қояды ызыңды бақ.
Көше күңгірт шамыңды өшірмеші,
Менің көңіл күйімнің көшірмесі.
Бейуақыт келемін үйге қайтып,
Алматының ақ қанат кешір, кеші.
Сорым əлде, білмеймін, сірə, бағым,
Ұясына асыққан тұра ма Күн?
Мен де жетіп төсекке жығылайын,
Сен де қайдан шықтың деп сұрамағын...
«Көбелектер» ақшамда ұят қалған,
Көріктерін көлбете жиі ақты алдан, –
Кезек-кезек сорылып жалыны өшкен,
Темекінің тұқылы сияқтанған.
Кірпігіме ұйлыққан жарқылды əлем,
Көңілсіздеу игеріп қалпымды əрең, –
Əлемнің бір бұрышы, трамвайдың,
Қалғып-мүлгіп отырмын артында мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу