Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  107


Автор: Аманхан Əлімұлы

Түсіме ылғи енеді жеті қайың,...

Түсіме ылғи енеді жеті қайың,
Бастан кешкен ормансыз жетім айын.
Жандарына батады аздықтары,
Тəндеріне ызғардың өтті уайым.
Аңсап олар сыңсиды қатарларын,
Басу айтып жұбатып жатам бəрін, –
Аңғаратын секілді ақылдылар.
Балта саптық іздеген қатал барын.
Кəдімгідей жыр оқып жұбатамын,
Аттырардай жанымның бұла таңын, –
Неге екенін ұқпаймын кей кездері,
Жеті қыздай жетілген ұнатамын.
Тіршілігім тағдырдың сүйеді өтін,
Жеті қайың түсіме жиі енетін, –
Жеті ару шығарсың мені сүйген,
Жырымды оқып барыма сүйенетін.
Қалай ғана шығарам естен мұны,
Киелі сан жанымның ескен мұңы...
Жылап тұрар басымда жеті кемпір,
Жарық дүние жарығым өшкен күні.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу