Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  236


Автор: Аманхан Əлімұлы

Құйын

Табиғаттың тартқан бұл қай табағы,
Талай жыр ғып мен мұны айтам əлі.
Көкжиекте қоп-қою қара құйын,
Дарға асылған адамдай шайқалады.
Жеңді қолмен тұр тағы қармап аспан,
Ажал айдап лақтай жарға қашқан.
Сарша сағым толқиды шайқап құйын,
Сырдың суы секілді арнаны асқан.
Көрсетпестен мөп-мөлдір таза қалып,
Аспан да, ана, шойындай қазан алып, –
Тұрысына қарашы рай бермей,
Тіршілікке жердегі назаланып.
Иір-иір иірімнің тасқыны ма,
Мың құбылып шығаннан басты бұра, –
Астаң-кестең сапырып дүниені,
Қара құйын ұршықтай асты жыра.
Қай-қайдағы түседі түнек еске,
Ер Төстікпен тірескен кіл, егесте, –
Мекендеген жер астын жылан елі,
Сумаңдаған хан Бапы тілі емес пе?!
Арасында жер-көктің шаншылады,
Қойшы бала қуалап қамшылады.
«Жалбыр шашты найсапқа пышақ сілте,
дейді шал айқай салып, – қан шығады...»
Қара құйын, манадан байқағалы,
Дарға асылған адамдай шайқалады.
Мың құбылып тұрысы-ай, мына, күннің,
Табиғаттың тартқан бұл қай табағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу