Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  96


Автор: Аманхан Əлімұлы

Туған жердің белінде

Сарғайған сары күзде кимешегі, –
(Əлдене кеудесіне түйді есебі)
Терідей тұз себілген теңбілденіп,
Бүкір бел бұйығы бір күй кешеді.
Қара жел қалтаңдатқан бозғыл көде,
Сен-дағы түсім оңып, тоздым деме.
Құбыла-қызыл іңір қылаң ұрып,
Сексеуіл шоғындай боп қоздың келе.
Шудадай ширатылған түтін кешкі,
Шитідей кеуіп кеткен түтілді ескі.
Қабынған қараңғылық қанат жайып,
Жұлдыздар жұтаң көңілін бүтіндесті.
Таба алмай тұрған пана бүйрек-белден,
Көңілсіз көде ойнайды күйрек желмен.
Қабағы секілденіп тұр аспанның,
Бұлттар бунақ-бунақ түйдектелген.
Адасқан қараңғыда Ай – балықты,
Əр тұстан бір көрініп, қайғы алыпты.
Селдіреп секем алған сырдаң селеу,
Сəулеге солғын түскен байланыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу